Түркістан облысында соңғы Радиотелевизиялық станция іске қосылды

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында соңғы Радиотелевизиялық станция (РТС) іске қосылды. Бұл Түркістан облысында цифрлық хабар таратуға өту туралы мемлекеттік жоба толық жүзеге асырылды деген сөз. Қарашаның соңында аналогты телевизия түгел ажыратылды.

Бұрын небәрі 4 арнаны ғана көретін ауыл тұрғындары енді 15 отандық арнаны тамашалап отыр. Оның дыбысы мен кескіні SD-форматында, цифрлық сапада. Бұған қол жеткізу үшін ескі радиотелевизиялық станциялар жаңартылып қана қоймай, арнайы жаңалары салынды.

Есеп бойынша облыстағы сексенінші яғни, соңғы РТС қараша айында пайдалануға берілді. Ол Түркістан ауданының «Ибата» кентінде орналасқан. Жаңа станция құрылысы 2018 жылдың маусымында басталған болатын. Электр қуатын өткізетін желілер тартылып, цифрлық эфирлік телехабар таратуға арналған діңгектер мен таратқыштар орнатылды. Жаңа жабдық іске қосылды.  

«Қазтелерадио» АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Талғат Аңдабайдың айтуынша, ескі РТС-ты жаңартқаннан гөрі, жаңасын салу әлдеқайда күрделі және көп уақытты алады. «Ибата РТС»-тың хабар тарату аймағы үш мыңдай тұрғыны бар 9 елді мекенді қамтиды.

Станция әзірге тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Бірақ ұлттық оператордың облыстық филиалы инженерлері телевизияда іркіліс болмайды, деп уәде етіп отыр.

Аналогты хабар тарату өшірілгеннен кейін, Түркістан облысының тұрғындары тарапынан «Қазтелерадио» АҚ байланыс орталығына қоңырау шалу көбейді. Қоңыраудың барлығы кеңес алу үшін «193» нөміріне келіп түскен.

Негізгі сұрақ ЦЭТВ-ға қосылу, цифрлық сигналға қол жеткізу үшін қабылдағыш пен теледидардың күйін келтіруге қатысты болды. Сонымен қатар «Қазтелерадио» АҚ Түркістан облыстық филиалының қызметкерлері елді мекендерге әдейілеп ат басын бұрды. Ауылдарды аралау барысында мамандар аулаларды шолып, тұрғындарға ЦЭТВ-ға қосылуға көмектесті.

Жалпы облыста цифрлық эфирлік хабар таратумен 2,4 млн тұрғыны бар 857 елді мекен қамтылды. Бұл облыс халқының 99%-і.

Цифрлық сигнал аймағына 20 елді мекен ілікпей қалды. Бұл 1413 үй шаруашылығы. Бірақ олардың барлығы OTAU TV ұлттық спутниктік телевизиясына қосылған. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар цифрлық сигналды қабылдағышпен тегін қамтамасыз етілді.

Соңғы жаңалықтар