Түркістан облысында су тасқынының алдын алу шаралары пысықталды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында су тасқынының алдын алу және оның салдарын азайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар және өзге де маңызды мәселелер талқыланды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен жиынға аудан-қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сала мамандарының күнделікті мониторингілеу қорытындысына сай, өңірге бұл бағытта келетін қауіп-қатер жоқ. Дегенмен, Шардара ауданына қарасты Сүткент елдімекеніндегі су бөгетінің жағдайы алаңдатарлық. Сырдария өзенінің жағасында салынған дамба 2017 жылы тасқын су шайып кеткен. Қауіптің алдын алу үшін тиісті сала басшылары мен аудан әкіміне дамбаны қалпына келтіру тапсырылды. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін комиссия құрылатын болды.

Сондай-ақ, Өмірзақ Шөкеев жауапты сала жетекшілеріне суармалы су тапшылығының алдын алуды тапсырды. Жиында бұдан бөлек басқа да мәселелер қаралды.

Биыл қазан айында ел тарихында үшінші мәрте жалпыұлттық халық санағы өтетіні белгілі. 1-30 қазан аралығына жоспарланған ауқымды шараның біраз ерекшелігі болғалы тұр. Биыл өтетін науқандық жұмысқа заманауи ақпараттық технология кеңінен пайдаланылмақ.

Ең алдымен, қазақстандықтарға интернет арқылы дербес деректерін өз бетінше ендіру және барлық сұрақтарға жауап беріп, белгі соғу мүмкіндігі ұсынылады. Аралап, сұрау жүргізу, деректерді тіркеу үшін бүкіл өңірлерге арнайы дайындықтан өткен 30 мың маман аттанады деп күтілуде. Мамамандар мңызды науқанға дайындық барысында Түркістан облысында да тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Мәжілісте көмекке мұқтаж жандарға демеу болған «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы да сөз болып, облыс тұрғындарының бұл бағдарламаға ризашылық танытып жатқаны айтылды. Бағдарламаға сәйкес, 7 мыңға жуық адам немесе 1 643 отбасыға қамқорлық көрсетілмек.

Алдын ала алынған сауалнама барысында тұрмыс тауқыметін тартып жүрген жандар өздеріне қаржылай, азық-түлік пен заттай көмек көрсетуді сұраған. Осы уақыттың ішінде «Қамқорлық» аясында Nur Otan партиясы облыстық филиалы мен жергілікті әкімдіктердің және демеушілердің жұмылуымен 20-дан астам отбасы баспаналы болып, үйлері жөнделуде.