Түркістан облысында тоғыз айда 323,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында қаңтар-қыркүйек айлары аралығында  300-ден астам өнеркәсіп кәсіпорындарымен 323,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл туралы Кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасының басшысы Ғанибет Әубәкіров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғанибет Әубәкіровтің айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында ағымдағы жылы 16,8 млрд  теңгені құрайтын 9 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 4 жоба жуық арада жүзеге асырылады.

 «Өңірде ағымдағы жылы іске қосылған жобалардың қатарында Ордабасы ауданындағы ПЭТ қалдықтарын және шпательді талшықтар өндіретін «Green technology industries» зауыты, Түркістан қаласындағы түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» кәсіпорны мен ешкі сүтін қайта өңдейтін «Ордабасы ешкі сүт өнімдері» ЖШС-і,  сондай-ақ, Қазығұрт ауданындағы алкогольсіз сусындар өндіретін «Көрік» шаруа қожалығы бар. Бұдан өзге,  аймақта  2015-2019 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдау картасына жалпы инвестиция көлемі 426 млрд  теңгені құрайтын  87 жоба енгізіліп, жаңадан 11 мың жұмыс орны ашылатын болады», - деді Ғанибет Әубәкіров.

 Айта кетейік, қазіргі таңда облыста  9 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Аудан, қалалардағы индустриалды аймақтардың жалпы жер аумағы 533 гектарды құрайды. Бүгінгі күні Түркістан облысының индустриалды аймақтарында жалпы құны 80 млрд. теңгені құрайтын 61 жоба іске қосылуда. Нәтижесінде жаңадан 3 мың жұмыс орны ашылмақ.