«Түркістан облысында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Бұл ретте ТЖ талабын орындамайтын азаматтар көп. Облыс аумағында бүгінгі күнге дейін күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимнің сақталуын, яғни төтенше жағдай талабын бұзған 233 нысанға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабына сәйкес хаттамалар толтырылып, жергілікті сотқа жолданды. Сот шешімімен 157 тұлғаға 10 АЕК есебінде айыппұл салынып, 53 тұлға қамауға алынды (Арыс-7, Бәйдібек-2, Қазығұрт ауданы-5, Жетісай-7, Мақтаарал-2, Ордабасы-2, Отырар –3, Сарыағаш-4, Келес-3, Түркістан қаласы-4, Сайрам-2, Кентау-9, Төлеби-1, Түлкібас-1, Созақ-1)», - делінген Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінде.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласы бойынша 41 (қоғамдық тамақтану орындары-15, сауда орындары-8, азық түлік дүкені-15, шаштараз-2, тігін цехы-1) әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылып, сотқа жолданған. Оның 37-сіне айыппұл салынып, 4 тұлға қамауға алынды.
Ережеге сай, Түркістан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті облыс бойынша халық көп шоғырланатын 3500-ге жуық нысанға дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді.