Оқиға Ақсукент ауылында болған. Көлігіне рұқсат етілмеген құрылғыларды орнатқан жүргізуші Жібек жолы көшесінде қарсы қозғалыс жолағына өтіп, емін-еркін жүрген. Сайрамдық сақшылар күдікті көлікті көшенің қақ ортасында тоқтатты. Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған күдіктіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің бірнеше бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ал көлігі айыптұраққа қойылды. Сондай-ақ, айғақты зат ретінде көлік құралына заңсыз орнатылған жарық пен дыбыс сигналдарына арналған құрылғы тәркіленіп алынды.
«Атап айтар болсақ, ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 2-бөлігімен (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 596-бабы 3-бөлігімен (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) және 603-бабы 1-бөлігі (Көлiк құралына арнайы жарық және дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу не жедел және арнайы қызметтер автомобильдерiнiң арнайы түстi-графикалық схемаларын заңсыз жазу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды», - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.