Түркістан облысында тұмауратып жедел жәрдем шақырғандар саны азайды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында тұмау мен өкпе қабыну белгілерімен жедел жәрдем шақырушылар саны азайды. Өңірде маусым айында медициналық жедел жәрдем орталығына орта есеппен 3000-ға жуық қоңырау түскен болса, қазіргі таңда шақыртулар саны 1800-ге дейін төмендеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сала мамандарының сөзінше, шақыртудың басым бөлігі егде және орта жастағы науқастардың дене қызуы көтерілуі және өкпе қабынуы бойынша түседі. Мәселен, облыс бойынша ЖРВИ-мен - 150-ге жуық, пневмониямен - 120 және коронавирус инфекциясы белгілерімен 15-ке ға жуық шақырту болған.

Облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының Call-орталығына қоңырау шалу кезінде дене қызуы көтерілген және өкпе қабыну ауруымен ауырған немесе Covid-19 бойынша сұрақтарға бір дәрігерлік, 2 орта буынды кеңес беру қызметі де ұйымдастырылған. Мамандар науқастарға медициналық кеңес беру тұрғысында толыққанды жұмыс жасауда.

Науқастар жағдайына қарай ауруханаларға шұғыл тасымалданып, ем қабылдауда. Бүгінде аталған станцияда тәулігіне 124 жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде Түркістан қаласы бойынша 16 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетуде.

«Шақырту бригадаларына 372 дәрігер және фельдшер жұмылдырылған. Онын ішінде Түркістан қаласы бойынша 32 дәрігер және фельдшер, 16 жүргізуші қызмет көрсетеді. Қосымша облысқа қарасты аудан-қала бекеттерінде де тәулік бойы диспетчерлер жұмыс істейді. Жедел жәрдем көліктері қосымша 75 өкпені жасанды желдету аппаратымен қамтылған. Бұл індетпен күресте бар күшімізді жұмсап, әр науқастың өміріне араша болуға дайынбыз»,-дейді Түркістан облысы медициналық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Дәулет Мұсаев.

Жедел жәрдем қызметі басшысының айтуынша, аймақта барлық медицина қызметкерлері қорғаныш киімдерімен және мекемеге қарасты бөлімшелер мен бекеттер дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген.