Түркістан облысында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республика күніне орай Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында жастары арасында қазақ халқының ұлттық ойындарынан сайыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған спорттық сайыс Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды.

Ұлттық спортты ұлықтаған додаға Сауран, Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Кентау, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандарының этнос жастарынан құралған командалар қатысты. Онда жастар ұлттық ойындардың 8 түрінен, атап айтқанда, қазақ күресі, қол күрес, садақ ату, асық ату, қошқар көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақ, ләңгі тебуден бақ сынады.

Ауқымды спорттық шараның салтанатты ашылуында Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев сөз сөйледі.

«Қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Күні кеше Түркияда өткен Дүниежүзілік көшпенділер сайысында Қазақстан құрама сапында өнер көрсеткен жерлестеріміз ұлттық спорттың туын жықпай, айтулы жеңістерге қол жеткізді. Таяуда қазақ күресінен Сайрамда «Оңтүстік Қазақстан« облыстық қоғамдық-саяси газетінің жүлдесіне арналған турнир өтіп, түйе палуаны анықталды» - деді М. Оразалиев.

Сайыс нәтижесінде қазақ күресінен Жетісай ауданынан келген Абдулла Нуров «Түйе балуан» атанды.

Садақ тарту сайысында Кентау қаласынан келген Дилнур Насируллаев чемпион болды. Ал 2 орынды Келес ауданынан Оразбай Абрар, 3 орынды Мақтарал ауданынан Алпамыс Камалов иеленді. Қол күрестен түлкібастық Тойрат Касимов үздік шықты. Сайрамдық Улугбек Нишантаев екінші, саурандық Зикуроллох Юнусов үшінші орынға ие болды. Асық атудан саурандық Самандар Абдрахманов жеңімпаз атанды. 2 орын кентаулық Бекзод Юлдашевқа, 3 орын түлкібастық Ислам Эльнурға бұйырды.

Қошқар көтеру сайыста қошқарды 50 рет көтерген сайрамдық Мухамедали Сайдазимов жеңімпаз атанды. 2 орынға 36 рет көтерген келестік Ақылбек Юнускулов, 3 орынға 31 рет көтерген түлкібастық Сулейман Мургушевқа бұйырды. Арқан тартудан Түлкібас ауданы топ жарды. Ал, 2 орынды Төле би ауданының құрамасы, 3 орынды Кентау қаласының командасы жеңіп алды.

Сондай-ақ тоғызқұмалақтан сайрамдық Сарвиназ Ирситаева 1 орынды жеңіп алса, 2 орынды кентаулық Рамазан Бадиров, 3 орынды саурандық Төрехан Махибулла еншіледі. Ләңгі тебуден саурандық Ильияс Мурадулла қарсылас шыдатпай, үздік атанды. Ал 2 орынға мақтаралдық Алижан Алисултанов, 3 орынға сайрамдық Суннат Бекниязов лайық деп танылды.

Бұл сайыс алдағы уақытта да жалғасады деп жоспарлануда.