Түркістан облысында жалған нөмірмен жүрген 8 көлік анықталды
Жыл басынан бергі үш ай ішінде Түркістан қаласында орнатылған бейнебақылау камералары арқылы жалған мемлекеттік нөмір тағудың 8 дерегі, мемлекеттік нөмірсіз жүрген 15 көлік анықталған.
Ал, терезесін күңгірттеген 12 көлікке шара қолданылған. Сондай-ақ, іздеуде жүрген 2 жеңіл автокөлік табылды.
Бүкіл құқық бұзушылық бойынша Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-ға сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
Мәселен, 7 наурызда Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған.
Жәбірленушінің айтуынша, ол көлік жөндеу орнына «Merсedes-Benz-280» маркалы автокөлігін қалдырған.
Алайда бірер күннен кейін келгенде көлігін рұқсатсыз айдап кеткендер жол көлік оқиғасын жасаған.
«Көлікті мас халде басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен кінәлі деп танылып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал, біреудің көлігін рұқсатсыз мініп кеткені бойынша ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр»,-дейді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Түркістан облысында 10 дана бейнебақылау камерасы орнатылды. Оның бесеуі 20 сәуірден бастап іске қосылды.