НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан біріншілігінің екінші лигасында Түркістан облысынан тағы бір команда ойын көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Темірлан» командасы 2020 жылдың қаңтар айында құрылған. Команда Түркістан облысы Ордабасы ауданының орталығы - Темірлан елді мекенінің атынан сынға түседі. Елді мекен Шымкент қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан.
Команда өз ойындарын Темірлан елді мекеніндегі Қажымұқан атындағы стадионда өткізеді. Стадион 1000 жанкүйер қабылдай алады.
«Темірлан» командасына бас бапкер қызметіне 64-жастағы маман Шайзидин Кенжебаев тағайындалды. Оған Фанас Салимов пен Рахматулла Жакудаев көмекшілік жасайды.
Команда алғашқы оқу-жаттығу жиынын Шымкент қаласында өткізді. Енді 21 ақпан мен 9 наурыз аралығында Өзбекстанда екінші оқу-жаттығу жиынына барады.
Команда жергілікті жастардан құралған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.