Түркістан облысында жаңа туған нәрестелерге домбыралар тарту етілді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат -Түркістан облысында «Ұлттық домбыра күніне» орай облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары перзентханаларға барып, жаңа туған нәрестелерге домбыралар тарту етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өңірдегі барлық перинаталдық орталықтарда бүгін жарық дүние есігін ашқан сәбилерге ізгі тілек жазылған хаттар тапсырылып, ата-аналарына арнайы сыйлықтар берілді.

«Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі баршамызды ерекше қуантып отыр. Елбасының қолдауымен жүзеге асып жатқан айтулы күн ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау, қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыра түседі. Елдегі игі бастамаларға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан этномәдени бірлестіктердің мүшелері бүгін дүниеге келген сәбилерге қазақтың қасиетті домбырасын тарту етіп, ізгі тілегімізді арнадық», -деді облыстық күрд этномәдени бірлестігінің төрағасы Әзімбай Надиров.

Айта кетейік, шілденің алғашқы жексенбісін ұлттық аспабымыздың төл мерекесіне айналдыру туралы жақында ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы шыққан болатын. Бұл ретте Облыстық этномәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық бірегейлікті сақтап, қоғамды біріктіре түсетін домбыра күні аясында өтіп жатқан барлық шараларға белсене қатысуда.