Түркістан облысында жаңадан салынған 600 орындық мектеп пайдалануға берілді

Фото: None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Түлкібас ауданында әлеуметтік маңызы бар нысандардың қатары толықты. Азаттық ауылында жаңадан салынған 600 орындық мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа ғимарат заман талабына сай жабдықталған. Мұнда мұғалімдер мен оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Барлық пән кабинеттері мен шеберханалар, спортзал, акт залы, кітапхана, асхана және медициналық кабинеттермен қамтылған. Заманауи үлгіде салынған білім ошағының ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков қатысып, жиналған қауымды Білім күнімен құттықтады.

«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді» дегендей, біз келешек ұрпаққа жақсы білім беруді басты назарда ұстауымыз қажет. Ал, жастарымыздың сапалы білім алуына жағдай жасау - сіздер мен біздің басты міндетіміз. Сондықтан болашақ ұрпақ үшін аянбай еңбек етейік, қадірлі ұстаздар. Жас ұрпақ білімді, тәрбиелі азамат атанса, ол - өркениетті елдердің қатарына қосылудың бір кілті»,- деді аудан басшысы.

Қуанышты сәтті тамашалауға жиналған ауыл тұрғындары аудан басшыларына ризашылықтарын білдіріп, қариялар ақ батасын берді. Сонымен қатар, салтанатты жиында аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ө.Мәткеримов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қасымбек және бір топ зиалы қауым өкілдері мерекеге орай құттықтауларын жеткізіп, оқушылар мен ұстаздардың және ата-аналардың қуанышын бөлісіп, ізгі тілегін жолдады.

Соңғы жаңалықтар