Түркістан облысында жаңадан төселген жолдардан 114 заңбұзушылық дерегі анықталған

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жаңадан төселген жолдардан 114 заңбұзушылық дерегі анықталған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде «Сапалы жол - Адалдық алаңы» жобасы аясында өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндаған Мирас Қарғабай автокөлік жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалау мен жаңа төселген жолдардың сапасына қоғамдық бақылау күшейтілгенін жеткізді.

Департамент аталған жоба шеңберінде республикалық, облыстық, аудандық және жергілікті жолдардың сапасына тұрақты негізде мониторинг жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ, тұрғындардың арыз-шағымы негізінде «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері мен «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» өңірлік филиалы инженерлерінің қатысуымен жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде көптеген кемшіліктер анықталған.

«Өндірістік-техникалық құжаттаманың жүргізілмегендігі, асфальт-бетон жамылғысындағы кедір-бұдыр бөліктер, жолда сызаттардың болуы, сынулар мен ығысулардың орын алуы, жол жиектерінің бұзылғандығы және асфальт-бетон жамылғысынан алынған сынамалар бекітілген талапқа сәйкес келмейтіндігі белгілі болған.

Бұдан бөлек, жылжымалы зертханалық көлік арқылы күре жолдардан сынамалар алу барысында анықталған кемшіліктерді жою бойынша мердігер мекеме басшыларына акт жасалып, жаңадан салынған сапасыз жолдарды қайта қалпына келтіру бойынша жауапты қала, аудан әкімдеріне нақты ұсыныстар жолданған. Бұл кемшіліктерді жою бойынша келтірілген ұсыныстардың негізінде тиісті жұмыстар атқарылып, бүгінгі күні 114 бұзушылықтың 97-сі (86%) қалпына келтірілген»,- деді Мирас Қарғабай.

Сонымен қатар, баспасөз жиынында «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасы шеңберінде өткен жылы департамент тарапынан 78 нысанға жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде, жалпы құны 12 886,2 млн теңгені құрайтын бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы бақылауда болғандығы айтылды.

Мирас Қарғабай бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қадағалау және жол төселімінің сапасы мен қауіпсіздігіне қоғамдық бақылауды күшейту - Агенттіктің қолға алған ірі жобаларының бірі екендігін тілге тиек етіп, алдағы уақытта облысқа қарасты автокөлік жолдарының сапасын бақылау жұмыстары әрі қарай да өз жалғасын табатынын атап өтті.