Түркістан облысында жергілікті тұрғындардан 63 мыңнан астам өтініш түскен

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында мемлекеттік мекемелердің халыққа көрсетілетін қызмет сапасының артуы нәтижесінде жергілікті тұрғындардан 63 мыңнан астам өтініш түскен. Ел алдындағы есептік кездесуін бастаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өткен жылды қорытындылап, жыл көшінде атқарылған жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда азаматтардан түсетін өтініштер саны 26%-ға азайған.

Қол жеткен жетістіктер мен алдағы айқын міндеттерді кеңінен баяндаған әкім аймақ дамуының негізгі бағыттарына да тоқталды.

Пандемияға байланысты биыл есептік кездесу онлайн форматта, карантин талаптарына сай ұйымдастырылды.

«Өңірде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Өткен жылдың барысында өзім және орынбасарларым, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері, облыс тұрғындарының өтініштері бойынша 3940 азаматтарды жеке қабылдап, нәтижесімен, елдің қажетті экономикалық әлеуметтік мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастырдық»,-деді Ө. Шөкеев.

Өңірде сондай-ақ, мемлекеттік мекемелердің халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мен тұрғындардың өтініштерін бір жерден шешу бағытында барлық аудан, қала орталықтарында «Фронт-офис» кеңселері ашылған.

Басқармалар үйінің ғимаратында облыстық «Ашық әкімдік» кеңсесі өз жұмысын бастап, кеңседе 21 басқарманың және тікелей мемлекеттік қызмет көрсететін 16 басқарманың жауапты қызметкерлері жұмыс жасайды.

Ал, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға былтыр 24,4 млрд теңге қаралған. Оның аясында 88 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан.

Бүгінде облыстағы 100 мыңнан астам көпбалалы отбасы ай сайын жәрдемақы алады.

2020 жылы жоспарланған 50 мыңдай көпбалалы отбасының 39 мыңы атаулы әлеуметтік көмекке жүгініп, оларға 14 млрд. теңгеге көмек тағайындалған.

Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 64,3%-ға кеміген.

Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде әлеуметтік осал топтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін жұмысынан айрылу салдарынан табысы төмендеген 880 мыңнан астам азаматқа жалпы соммасы 37,3 млрд теңгеге 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер ұсынылған.

170 мыңға жуық 6-18 жас аралығындағы АӘК алушы балаларға, мүгедектер мен жұмыссыз азаматқа 3,7 млрд теңгеге 5 567 теңге көлеміндегі өтемақы түрінде азық-түлік-тұрмыстық пакеттер берілген.