Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының қызметкерлері және «Түркістан - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, арнайы мониторинг тобы мүшелерінің қатысуымен облысқа қарасты автомобиль жолдарының сапасы жіті қадалағанып келеді.
Биыл мониторинг тобының мүшелері өңірге қарасты 6 қала-ауданда, соның ішінде Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Бәйдібек, Созақ, Сарыағаш аудандарында арнайы болып, тұрғындардың арыз-шағымы негізінде жаңадан төселген автокөлік жолдарға сараптама жүргізді.
Агенттіктің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабайдың айтуынша, тексеру барысында 61 бұзушылық деректері анықталған.
«Атап айтқанда, асфальт-бетон жамылғысында қалыңдықтың сәйкес келмеуі, жол төсемінде шөгінділердің, ығысу мен сынықтың болуы, тегіс еместігі, жол жиектерінің бұзылуы мен шөптердің шиыршықтала өсіп шыққаны тіркелді. Сондай-ақ, алынған 67 сынаманың 47-сі бекітілген талапқа сәйкес келмейтіндігі анықталып, ақауларды жою бойынша жергілікті атқарушы органдарға тапсырыс беруші 6 хат жіберді. Бұған қоса, «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасы аясында жыл басынан бері облыстық маңызы бар тасжолдарда ауыр жүк көліктерінің ішкі тәртібіне рейд жүргізілді. Тексеру кезінде шамадан тыс жүк тиеген 70 ауыр жүк көлігіне жалпы құны 1 377 370 теңге көлемінде айыппұл салынды»,- дейді Мирас Қарғабай.
Айта кетейік, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облысы бойынша филиалы мен «Түркістан - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері бірлесе отырып, айына екі рет облысқа қарасты барлық автокөлік жолдарына тұрақты негізде мониторинг жүргізіп отырады.
Осы орайда өңір тұрғындары өзі тұратын қала-аудандағы жол сапасынан кемшіліктер мен ақауларды байқаған жағдайда 7 747 263 83 63 нөміріне хабарласып, фото-бейнематериалдарын қоса жіберуге болады.
Азаматтар тіпті мониторинг жұмысына қатыса алады.