Түркістан облысындағы емханада қызмет көрсету орталықтары ашылды

ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы орталық емханада «Түркістан адалдық алаңы», «Әлеуметтік қызметтер орталығы» және «Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы» ашылды. Тұрғындар енді цифрлық жүйе арқылы тиісті дәрігерге жазылуға және қажетті ем қабылдау нұсқаулығын алуға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сала мамандарының сөзінше, жергілікті халық емханаға келмей-ақ арнайы сайтқа ұялы телефон арқылы тіркеліп, үйде отырып-ақ дәрігердің қабылдауы жайындағы мәліметпен таныса алады. Ал, «Адалдық алаңында» арнайы психологтармен кеңесіп, толғандырып жүрген мәселелермен бөлісуге және сұхбаттасуларына болады.

Салтанатты шарада аудандық аурухананың бас дәрігері Бақыт Тұрлыбеков аудан басшыларын жаңа орталықтардың жұмыс барысымен таныстырып, халыққа сапалы қызмет көрсету ісі алдағы уақытта да жалғаса түсетіндігін жеткізді.

«Еліміз күннен-күнге даму үстінде. Бұл тек үлкен қалаларда ғана емес, аудандық, ауылдық жерлерде де көрініс беріп жатыр. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауданымызда әр күн сайын жаңа қызмет түрлері көрсетіліп, халыққа барынша жағдай жасалуда. Енді осы жаңадан ашылған орталықтар тұрғындардың дер кезінде ем қабылдауына септігін тигізеді»,– деді аудандық аурухананың бас дәрігері.

Өз кезегінде аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен мәслихат хатшысы Сәдуақас Сейсенбаев бастаған зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар аурухана ішін аралап көрді. Цифрлы теледидар-нұсқаушымен жіті танысып, жүйені жұмысын халықты насихаттау керектігін тапсырды. Сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.

«Қарапайым халықты цифрлы ақпарат алуға үйрету керек. Ол үшін округ, ауыл-аймаққа түсіндіру жұмыстары жүргізілсін. Баспасөз беттерін пайдалана отырып, халыққа үндеу жасаңыздар»,- деді аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков.