Түркістан облысында Екінші дүниежүзілік соғыстың 15 ардагері бар. Одан бөлек, 150 адам соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілген.
Ең қарт ардагер - 102 жастағы Рысмет Жұмағұлов Төлеби ауданының Ленгір қаласында тұрады. Аудандағы жалғыз ардагер «Отан соғысы» орденімен, «Г.К.Жуков» мерекелік медальдарымен марапатталған.
«1921 жылы 5 сыныпты бітірген соң, қара жұмысқа ерте араласып, Георгиевка колхозында еңбек еттім. 1942-1943 жылдары Сталинградты қорғауға қатыстым. Елге оралған соң 1945-1974 жылдар аралығында күзет бөлімінде қарауыл және қосалқы шаруашылықта жұмысшы болдым. Ал, 1974-1976 жылдары Фосфор зауытында жұмыс істеп, зейнетке шықтым»- дейді ол.
Бүгін Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев және аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров 102 жастағы Рысмет Жұмағұловтың үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады.
«Сол бір зұлмат жылдарды бастан кешкен алдыңғы аға буын өкілдерінің төзімділігі мен ержүректілігі бүгінгі және келешек ұрпақ санасында нағыз адамгершіліктің, отансүйгіштіктің үлгісіндей болып қала бермек. Тарих еншісінде қалған соғыстың сұрапыл жылдары енді қайталанбасын деп тілеп, сондағы айбарлы аға-әпкелеріміздің жан аямас жаужүректілігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектеріне құрметпен бас иеміз», – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, отан үшін от кешкен Жеңіс солдатының естелік әңгімелерін тыңдап, ауданның жаңалығын, ел жайын әңгімелеп, сый-құрмет көрсетті. Қан майданда ерлікпен қаза тапқан азаматтардың рухына бас иіп, құран бағышталды. Ақсақал келген қонақтарға ақ батасын берді.