Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Беков айтып өтті.
«Жолақысы 2013 жылы бекітілген тариф бойынша есептеледі. Жеңіл көліктер үшін 1 шақырымға 1 теңге, 15 тонналық жүк көліктері үшін 25 теңгеге дейін есептеледі. Қазіргі кезде облыс аумағындағы жолдарға 11 бақылау аркасы орнатылды. Олардың баршасы бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Аркалардың астынан өткен көліктердің номіріне автоматты түрде төлем жіберіледі. Яғни, шлагбаум қойылмайды. Мәселен, Шымкент-Қызылорда бағытында 6 арка бар. Ал, Шымкенттен шыққан көлік Темірланға баратын болса, бір аркадан өтеді. Демек, ол жүрген 30 шақырымына ғана төлем жасайды» – дейді Нұржан Беков.
Тағы бір айта кетер жайт, қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі көліктер төлемнен босатылған. Жедел-жәрдем, авариялық қызмет, өрт сөндіру, патрульдік полиция, әскери техника көліктерінен төлем алынбайды. Сондай-ақ, жақын маңдағы елдімекен тұрғындарына да жеңілдіктер қарастырылған.