Түркістан облысының әкімі мектеп құрылысын созбалаңға салған мердігерге қатаң талап қойды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданындағы мектептің күрделі жөндеу жұмысын созбалаңға салған мердігерге қатаң талап қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Жаңа оқу жылы жақындағанына қарамастан білім ұясының құрылысы әлі аяқтамаған «Шаңырақ» ЖШС басшысына 1 апта уақыт берілді. Өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда шара қолданылады, іс сотқа беріледі.

«Әліңіз келмей ме, тапсырыңыз. Осыншама уақыт созып, енді сылтаумен тойдырмақсыз. Сіз 1 300 баланы далада қалдырайын деп отырсыз. Мемлекет қаражатын алып, халықты алдап отырсыз. Шамаңыз келмесе неге аласыз? Біз үшін әр сәт қымбат. Сізге соңғы мүмкіндік беріледі. Бір апта. Атүсті жүріп жұмыс істеген соң, сапа да оңбайды. Сапасын бақылау күшейтіледі», - деді Дархан Сатыбалды.

Құрылыс компаниясы күрделі жөндеуді осыдан 1 жыл бұрын бастаған. Осыған дейін жұмысты жылдамдату туралы талай рет ескерту алған. Облыс әкімі жұмысшылардан жалақысы туралы сұрады. Егер дер кезінде алмаған болса, жауаптыларға жағдайды тексеруді тапсырды.


Көктерек кентіндегі №16 И.Панфилов мектебінің өткен жылдың қазан айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары биыл тамыз айының соңында аяқталуы тиіс. Құрылыстың жалпы құны – 247,3 млн теңге.

Айта кетейік, Түркістан облысында білім беру саласында 1 мың мектеп бар. Биыл облыстың адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты 21 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.