Түркістан облысының арнайы тобы шығысқа көшкен отбасылардың өмірімен танысты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының арнайы насихаттық тобы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысына сапар шекті. Жауапты мекеме жетекшілері мен қоғам және БАҚ өкілдерінен жасақталған топ мүшелері «Серпін» бағдарламасымен білім алып жатқан студенттердің, оңтүстіктен көшіп барған отбасылар мен жастардың тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығы Өскеменге ат басын тіреген түркістандықтарды ШҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшысының орынбасары Тимур Жігітаев қарсы алып, келелі кездесу ұйымдастырды. Жиналғандар халқы тығыз қоныстанған облыстардан тұрғындары сиреген өңірлерге азаматтарды көптеп көшіру жолдарын талқылады.

Айта кетейік, ағымдағы жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша қоныс аударушылар мен оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы 2161 адамды (651 отбасы) құраған. Оның ішінде қоныс аударушылар –1566 адам (456 отбасы), оралмандар 595 адам (195 отбасы) болып бекітілді. Бағдарламаны іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен жол шығындарын өтеуге 231,9 млн теңге бөлінсе, үйді жалдауға 190,9 млн теңге қарастырылған. Биылдың өзінде еңбек күші мол аймақтардан көшіп келген 850 адамның 288-і жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ 263 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылса, жастар практикасына, қоғамдық жұмыстарға 25 адам тартылған. Кәсіпкерлікпен 11 адам айналысуда.

Сондай-ақ «Серпін» жобасының 64 түлегі қоныс аударған. Түркістан облысынан биылдың өзінде ШҚО-ға 54 отбасы, 104 азамат көшіп барған. Бүгінгі таңға дейін қоныс аударғандардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмысқа қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамтылды. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін, мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері, бос тұрған ғимараттар ұсынылды. Көшіп-қонуға байланысты мемлекет тарапынан берілетін материалдық көмектермен қамтамасыз етілуде.