Облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас нәресте дүниеге келгеннен төрт күннен кейін жағдайы нашарлаған. Жүрегінің қолқа доғасының ақауымен дүниеге келген Софияны дәрігерлер шұғыл түрде санитарлық авиациямен Шымкент қалалық перзентханасынан Түркістан облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Дер кезінде жасалған отаның арқасында сәбидің денсаулығы жақсарып, хирургия бөлімшесіне ауыстырылған. Мамандар жүректің қолқа доғасының ақауына ота жасалмаған жағдайда, бала қан айналымы жүрмей екі аптаға жетер-жетпес бақилық болатынын айтады.
Айта кетейік, Түркістан облыстық балалар ауруханасының кардиохирургия бөлімшесінде жыл сайын сәбилердің ашық жүрегінде 250 ота жасалынады. Олардың 40 пайызы жүрек ақауы бар жаңа туған нәрестелер. Түркістан облыстық балалар ауруханасында дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында түрлі оқыту шаралары ұйымдастырылып отырады. Бас дәрігері Гаухар Үкібаеваның айтуынша, ауруханада күні кеше триаж жүйесі енгізіліп, шұғыл медициналық көмек тақырыбында қызметкерлеріне арнайы дәріс өткізілген. Балаларға медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қол жетімділігін жақсарту мақсатында қабылдау бөлмесін талапқа сай қайта жаңғырту қарастырылып отыр.