Түркістан облысының мыңға жуық тұрғыны солтүстік өңірлерге қоныс аударды
Жиынды «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев ашып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.
«Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2015 жылдан бастап еліміздің жұмыс күші аз солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан халықты өз еркімен қоныстандырып, оларға қажетті жағдай жасау жұмыстары басталған болатын. Осы орайда, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы ішкі көші-қон процестерін реттеу және еңбек күші мол аймақтан, еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру жұмыстарын насихаттауды қолға алдық», - деді Бейсен Тәжібаев.
Аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысы өңірде 2015 жылдан бері басталып, бүгінгі таңда 881 отбасы немесе 3 377 адам қоныс аударған. Олар мемлекет тарапынан берілетін түрлі әлеуметтік көмектермен қамтамасыз етілген. Халықты қоныс аударуға ынталандыру мақсатында Солтүстік өңірлердің өкілдері кезең-кезеңімен облыста түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бірнеше кездесу өткізуде. Сонымен қатар солтүстік, шығыс өңірлеріндегі бос жұмыс орындары туралы мәлімет ай сайын алынып, аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарының базалық мәліметтеріне енгізіліп отыр. Тек ағымдағы жылдың І тоқсанында 3 мыңға жуық жұмыс орындары ұсынылды.
Еске салайық, «Еңбек» бағдарламасына қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне – отағасына және әрбір отбасы мүшесіне бір рет 35 АЕК (88 375 тенге) мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Бүгінгі таңға дейін Түркістан облысынан қоныс аударғандардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмысқа қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамтылған. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін , мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері берілуде. Бос тұрған ғимараттар ұсынылып, сонда қоныстанып жатыр. Барған азаматтар сондай-ақ, көшіп-қонуға байланысты мемлекет тарапынан берілетін материалдық көмектермен қамтамасыз етілуде.