Ордабасы Аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз білеулер оның үйінен әшекей бұйым мен ноутбугын ұрлап кеткенін жеткізеді. АПБ қызметкерлері аталған жайтты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алып, іс қозғайды. Жәбірленушіге келтірілген шығын 245 000 теңге.
Тұрғынүйге ұрлыққа түсушілерді анықтау, қылмысты ашу мақсатында тәжірибелі де білікті полицейлерден арнайы топ құрылды. Олар жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, жақын маңдағы бейнебақылау камералары арқылы күдіктінің ізіне түседі. Яғни, күдікті өз туысының үйіне қонаққа келген шардаралық тұрғын болып шығады. Осылайша күдіктінің жеке басы, 3 рет пәтер ұрлығы және 1 рет тонау бойынша сотты болғандығы да анықталды. Полицейлердің қырағылығының арқасында қылмыс дер кезінде ашылды.
Белгілі болғандай, күдікті таңертеңгі уақытта үй иесінің жоқтығын пайдаланып, ұрлыққа түскен. Қазіргі таңда ол қамауда. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшыларының айтуынша, оның басқа да қылмыстық істерге қатысы болуы мүмкін.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға ұрылардан сақ болып, тұрғын-үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштарды орнатуға кеңес береді.
Сонымен қатар, ұрылардың жолын кесу мақсатында есікке мықты құлыптар, терезеге темір тор орнату керегін ескертеді.