Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Жетісай қаласындағы бір көшеде екі бірдей қылмыс орын алған.
«Полицияға жергілікті тұрғын белгісіз бір ер азаматтың ұялы телефонын тартып алғандығы туралы арызданады. Біршама уақыт өткеннен соң кезекші бөлімге Жетісай қаласының тұрғынының автокөлігінен әмиян ұрланғандығы жайлы хабарлама келіп түседі. Қылмысты ашу мақсатында Жетісай АПБ-нің қызметкерлері арасынан жедел-тергеу тобы құрылып, қоғамдық көмекшілер Жасұлан Сабырханұлы мен Темірлан Қарабай, Марат Кукбаев полицейлерге күдіктінің тұлғасын анықтауға көмектескен. Азаматтардың қырағылығы мен ғимаратта орналасқан бейне бақылау камераларының арқасында тәртіп сақшылары күдіктінің тұлғасын анықтап, дер кезінде ұстай алған» делінген хабарламада.
Осы ретте Жетісай АПБ-нің басшысы, полиция полковнигі Ермахан Абдраманов салтанатты іс-шара ұйымдастырып, қылмыскерді ұстауда өз үлесін қосқан тұрғындарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар тапсырды.