Жәрмеңкеге жалпы құны 201 млн теңгені құрайтын 496 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Атап айтқанда, 80 тонна ет және ет өнімдері, 141 тонна көкөніс, 28 тонна сүт өнімдері, 90 тонна бақша өнімдері, 53 тонна жеміс-жидек, 26 тонна картоп, 10 мың дана жұмыртқа, 5 тонна балық, 4 тонна бал, 10 тонна кептірілген жеміс, 14 тонна түрлі консервілер және 45 тонна басқа да өнімдер базар нарқынан 10-15 пайыз төмен бағада саудаланды.
Арзандатылған бағада азық-түлік сатып алған астаналықтар жәрмеңке ұйымдастырушылары мен оңтүстік өңірінің шаруаларына алғыстарын білдірді. Шара барысында Елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарлама ұсынылды.
Айта кетейік, түркістандық шаруалар Астана қаласының 20 жылдық мерекесі аясында осымен 4-ші рет жәрмеңке өткізіп отыр. Осы аралықта Елордаға 14 753 тоннаны құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 28 түрі жөнелтілді. Жәрмеңкені өткізуге түркістандық 35 ірі және қосалқы шаруа қожалықтары мен кәсіпорындары атсалысқан.
Жалпы, биыл түркістандық шаруалар 500 мың тоннаға жуық өнімді Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспорттаса, 1 млн. тонна тауар еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді.