Түркістан облысының Төлеби ауданында 68 шақырым жол жөндеуден өтеді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Төлеби ауданында 68 шақырым жол жөнделеді. Бүгінде 42 көшеге республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден қаржы қаралып, тиісті жұмыстар басталып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандық әкімдіктің мәліметінше, таулы ауданда өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 28 шақырымды құрайтын 27 көше жолына жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Ал, биылғы жылы ауданда сапасы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көше жолдарының үлесі 39 пайыздан 50,4 пайызға артпақ. Бұдан бөлек, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша Леңгір қаласындағы орталық Төлеби, Ә.Бектаев көшелері, Шахта Тоғыс және Балдыберек-Төңкеріс елді мекендерінің жолдары орташа жөндеуден өткізілмек. Бұл жұмыстар толығымен аяқталған жағдайда сапасы жақсы және қанағатты жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 75 пайыздан 90 пайызға артпақ.