Сайрам ауданына қарасты Арыс ауылындағы Сарман Юсупалиев көшесінің тұрғындары асарлатып, көшелеріне асфальт төсеп алды. Бұл игі іске бір көше бойында тұратын тұрғындар ұйытқы болды. Әрбір отбасы жағдайының жеткенінше ортадан ақша жинаған. Ал, кәсіпкерлері демеушілік жасап, қомақты қаржыны қорға аударды. Нәтижесінде 1 шақырым болатын ауылдағы орталық көше толық жөндеуден өтті.
«Ауыл азаматтары 5000 теңгеден бастап 300 000 теңгеге дейін ортақ қазынаға өз үлестерін қосты. Нәтижесінде жалпы сомасы 7 млн теңгеден астам қаржы жиналды. Оның 600 000 теңгесін жолды кеңейту жұмыстарына жұмсадық. Содан 200 метр жерге толық асфальт төседік. Оның ені 12 метр, қалыңдығы 8 см болды. Кейіннен жолдың қалған бөлігіндегі шұңқыры көп тұстарын тегістеп шықтық» - дейді игі істің бастамашысы Атабек Сарманов.
Сайрамдық тұрғындар алдағы уақытта тағы да ортадан ақша жинап, жаяу жүргіншілер жолын салуды және аялдамалар орнатуды жоспарлап отыр.
«Жалпы игі іске үлес қосқан жерлестеріме алғыс айтамын. Баршасы бір кісідей жұмыс істеді. Көшеміздің жігіттері түгел асарға шықты. Кәсіпкерлеріміз техникаларды жалдап алып келді. Бір аптаның көлемінде көпке үлгі боларлық іс атқардық» - дейді ауыл тұрғыны Атабек Сарманов.