Түркістан өңірінде көкпар қызып тұр
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі әлі де жалғасын тауып келеді. Әсіресе, Оңтүстік өңірінде Әз-Наурыз әрбір көшеде, аулаларда сән салтанатымен өтіп жатыр. Одан бөлек, шабандоз жастар көкпар ойнап, ұлттық мерекені көшпелілердің ойындармен қыздыра түсуде.
Бүгінде Түркістан өңірінде көкпар қызып тұр. Екі күннің бірінде ат жетектеп адырға кетіп бара жатқан жігіттерді көруге болады.
Ал, кешегі күні үлкен көкпардың бірі Бәйдібек ауданында ұйымдастырылды. Жалпы екі мыңдай шабандоз қатысқан ойын тартысты өтті. Білекті жігіттер жаңбырдың жауғанында елемей, көксеркені тартқылап, күш сынасты. Сондағы ерекше көзге түскен балуанның бірі қазығұрттық Асланбек Сайдулла.
«Әкем де, атам да ат құлағында ойнайтын шабандоз болған. Қанымызда болғандықтан, менде де қызығушылық жоғары болды. 9 сыныптан бастап көкпарға шыға бастадым. «Лашын» атты жылқым бар еді. Талай көкпарда салым салып, олжалы оралдық. Қазірде құр қол келмеймін», - дейді шабандоз.
Асланбек Файзуллаұлы 45 қараны қанжығасына байлаған кәнігі көкпаршы. Оның ішінде 9 түйе, 9 тай, 9 қара, 9 қой, 9 серке олжалаған. Ал, Бәйдібек ауданында өткен көкпарда екі рет салым салып, 300 000 теңгені иеленді.
Мыңнан астам ат ішінен семіз серкені алып шығу үшін шабандоз түрлі айла-тәсілдерді қолданады. Сондай-ақ, физикалық тұрғыдан мықты болу үшін әрдайым спортпен шұғылданады. 32 жасар жігіттің басты арманы да елге танымал көкпаршы болу. Сонымен қатар, ата-бабадан мұра болып келе жатқан ұлттық ойынды дәріптеп, ұрпағына үйрету.
«Ұлдарым әлі кішкентай. Өскен кезде көкпаршы боламын десе қарсы болмаймын. Ат құлағында ойнауды үйретемін. Себебі, әрбір қазақ жігіті жылқыға жүген салып, бағындыра алуы тиіс. Көкпар шауып, күш сынасуды сезіне алуы керек. Себебі, өмірдің өзі көкпар» - дейді ол.
Көкпарда қызықты оқиғалар мен қатар, өмірге де қауіп төндіретін кездер көп кездеседі. Мұндай да көкпаршыны тек шеберлігі мен ептілігі құтқарары анық. Одан бөлек, көкпардың қызығына түскен шабандоздарға күн-райының құбылуы да кедергі келтіре алмайды.
«Жаңбыр жауып тұрса да ойынды жалғастыра береміз. Атқа қонған соң, лай мен батпақты елемейміз. Тіпті қар жауып тұрғанда да серке тартқан кездеріміз болды. Бұл жастардың ұлттық ойынға деген қызығушылығын көрсетсе керек» дейді Асланбек Сайдулла.
Жалпы Наурыз айы - жүйрік тұлпар үстінде жігіттердің күш сынасып, кім мықтыны анықтайтын шағы. Сондықтан болар, білекті де, жүректі жігіттер жылқысын ертіп, көкпар болатын ауылдарды бағытқа алуда. Ат дүбірімен қатар, білектегі күшті сынап, ұлттық ойынды ұлықтамақ. Міне, осылайша, Түркістан өңірінің топырағында көкпар қызып тұр.