«Бүгін «Turkistan» жаңа телеарнасы өз жұмысын бастады. Өздеріңіз білетіндей, Елбасының тапсырмасымен Түркістанда жаңа заманауи медиа орталық бой көтерді, оған еліміздің талантты мамандары жұмыс жасауға шақырылды. «Turkistan» телеарнасы көрермендерді қазақ, түрік және орыс тілдерінде бауырлас түркі халықтарының тарихымен, мәдениетімен және қазіргі өмірімен таныстырады деп жоспарлануда.
Телеарна аймақтағы мәдениеттің дамуына, облыстың жетістіктерін тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелдерде танымал етуге оң әсер етеді», - деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, мұның бәрі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы Түркістан қаласын облыс орталығы ретінде бекіту туралы тарихи шешімінің арқасында мүмкін болып отыр.
«Осы сәттен бастап қазақ халқының және түркі әлемінің рухани бесігі болып табылатын қала жаңа тарихтың санауын бастады.
«Turkistan» телеарнасы көрермендерін мазмұнды және қызықты телевизиялық жобалармен қуанта отырып, аймақтың жаңа шежіресін заманауи және жедел ақпаратпен жүргізетініне сенімдімін», - деді ол.
Еске сала кетсек, Әз-Наурыз мейрамы қарсаңында бүгін таңғы 7-ден бастап «Turkistan» телеарнасы «Отау ТВ» ұлттық спутниктік желісі және кабельдік желілер арқылы қалың көрерменге жол тартты.