Түркістан тұрғыны егіндігіне адасып келген 18 жылқының иесін тауып, қайтарды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан қаласына қарасты елді мекендердің бірінде тұратын шаруаның егіндігіне 18 жылқы адасып келген. Ауыл тұрғыны көп ойланбастан бұл жайтты тез арада қалалық ішкі істер басқармасына жеткізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Тәртіп сақшылары малдардың иесін табу үшін жан-жаққа хабар жібереді. Төрт түлігін жоғалтқан азаматтарды ауылдардан, көрші аудандардан іздестірген. Араға екі апта салып малдың иесі табылды. Ол Кентау қаласының тұрғыны екені анықталды. Белгілі болғандай, мал иесі жылқыларын жоғалтқаны жөнінде полицияға хабар бермепті. Өзі тауып аламын деп ойлаған. Дегенмен полицейлер оның расында да мал иесі екенін анықтап болған соң ғана жылқыларды қайтарған.

Түркістандық тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындардың малдарына тиісті дәрежеде қарамайтынын, соның салдарынан жоғалтып, ұрлатып жататынын айтады. Мәселен, жуырда ғана «малым жоғалды» деген тағы бір азаматтың сиыры жайылымнан 1,5 шақырым қашықтықтағы егіндіктен табылған.