Түркістанда 1 млн теңгесімен таксиде қалған сөмке көшедегі камералар көмегімен табылды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістанға жұмыстарымен барып, таксиге отырған Қызылорда тұрғыны сөмкесін көлікте ұмытып кетеді. Жергілікті полицейлер бейнебақылау желісі арқылы жоғалған затты 4 сағаттың ішінде тауып берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мен Түркістан қаласына жеке жұмыстарыммен барып, қала ішінде белгісіз таксиге отырдым, қажет жеріме келген соң түсіп қалдым. Арада бірнеше минут өткенде көлік ішінде 1 миллион теңге ақшасы бар қол сөмкемді ұмытып кеткенімді байқадым. Бірден түскен жеріме қайта барғаныммен, ол көлікті таппай қалдым. Білетінім, тек қана көліктің түсі және маркасы, ал оның мемлекеттік тіркеу нөмірі немесе байланыс нөмірінен мүлдем хабарсыз едім. Содан жүгіріп жақын маңдағы полиция пунктіне бардым. Бірақ, іштей күдерімді үзген едім, табылмайды-ау деп. Алайда, полицейлердің шұғыл жұмысы арқасында 4 сағат ішінде көлік те, сөмкем мен ақшам да табылды», -деп қызылордалық әйел полицейлерге алғыс білдірді.

Көлік жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералары арқылы табылған. Жоғалған сөмке ішіндегі барлық ақшасымен иесіне қайтарылған.