2018 жылда атқарылған жұмыстар барысын баяндаған Бақтыбай Дүйсебеков өткен жылға жоспарланған көптеген міндеттер орындалып, оған қазынадан бөлінген 66 млн 027 мың теңге толықтай игерілгенін атап өтті. Мәселен, өткен жылы облыстағы 77 елді мекенді дамыту үшін құрылыс сызбалары жасалған. Аймақта 110 құрылыс нысаны бойынша тиісті мекемелермен шара қолданып, 129 құрылыс обьектісі бойынша жұмыстар атқарылуда.
«Облыс аумағындағы 500 ескерткіш анықталып, іріктелді. Оның ішінде 100 нысанның тізімі облыстық мәдениет басқармасымен бірлесіп жасалды. Сонымен қатар, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының тарапынан төмендегі эскиздік жобалар әзірленді. Олар - облыс картасына орналасқан тарихи нысандарды ашық аспан астындағы макеттерінің жобасы, облыс бойынша аудан орталықтарындағы салынатын «Достық үйі», Қазығұрт ауданы бойынша «Қазығұрт - кеме қалған» тарихи-этнографиялық кешенінің жобалары жасалып ұсынылды. Оларды 2019 жылы іске асыру жоспарланған. Ордабасы ауданы бойынша «Ордабасы» мемориалдық тарихи-мәдени кешенін абаттандыру. Үш бидің ескерткіші орнатылды. 2019 жылға абаттандыру жұмыстарын жалғастыру жоспарланған», - деді Бақтыбай Дүйсебеков.
БАҚ өкілдерімен кездесуде басқарма басшысы Түркістан облысының жаңа гербіне қатысты жарияланған конкурс өткізу бойынша ақпар берді. Оның сөзінше, 2018 жылдың 5 қыркүйек күні конкурс жарияланып, облыстық бюджеттен жүлде қорына 1 млн теңге бөлінген. Байқауға 50 автор өз ұсыныстарын берсе, солардың ішінен 3 жұмыс іріктеліп алынды. Бұл жұмыстар жалпы дауысқа салынып, үздігі таңдалды. Оның авторлары Ж.Түймебаев, Е.Төлепбай, А.Жайлаубаев (Алматы қаласы) болған.
Ал, жаңа жылдағы негізгі күшті басқарма басшылығы Түркістан қаласының бас жоспарын әзірлеуді аяқтауға бағытталған. Ең бірінші кезекте, топографиялық түсірілімдерді аяқтап, сырты көлік - әуе тасымалы, теміржол, автокөлік жолдары мәселесін реттеуге, қалаға іргелес аумақтарды көгалдандыру бойынша сызба әзірлеу сынды негізгі жұмыстарға көңіл бөлуді қарастырып отыр.