Түркістан қаласында шыныдан жасалған аялдаманың бүлінген видеосы әлеуметтік желіде тарады. Аялдама Алматы көшесінде орналасқан.
Аталған жағдай бойынша, тәртіп сақшылары көшеде ойнап жүріп, аялдаманы таспен сындырған 5 жасөспірімді анықтады.
«Олар 8-сынып оқушылары. Ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Түркістан қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды», - делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.