Жиынға облыстық білім беру ұйымының басшылары мен облыстың барлық 16 ауданынан келген 800-ден аса «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының мүшелері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев шараның адамгершілік пен ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Елдің ертеңі болашақ ұрпағымызды кішкентайынан отансүйгіштікке, білім мен еңбекке ұмтылуға, адалдыққа тәрбиелеу парызымыз. Бұл сезімдер біздің халқымызда ежелден бар қасиет. Сондықтан әрбір ата-ана, әрбір ұстаз балалар үшін лайықты үлгі болуға, нағыз қастерлі қасиеттерді таңдауға көмектесуі қажет» - деді Ғалым Тұрсынбаев.
Сондай-ақ, ол білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырып отырған облыстық слетте барлық ұстаздарға оқушылардың бойына адалдық пен рухани байлықты дарытуда қосып жүрген еңбектері үшін алғыс білдіріп, балаларға адалдық пен мейірімділік және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруда ата-аналары мен ұстаздарын үлгі етуге шақырды.
Іс-шара барысында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары, яғни 16 аудан оқушылары арасында шеру, флешмоб, қолөнершілер көрмесі, шахмат ойыны, сурет салу және бейнеролик конкурсы өтіп, нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, оларға сыйлықтар мен граммоталар тапсырылды.