Түркістанда азық-түлік бағасын негізсіз өсіруге қарсы бақылау күшейді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда азық-түлік бағасын негізсіз өсіруге қарсы бақылау күшейді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елдегі төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына тұрақты бақылау жүргізіліп жатыр.

Қазір Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 0,4% -ға төмендеді. Жұмыртқа мен сәбіз бағасы арзандаған. Қалған 15 тауар (нан, қартоп, күріш, құнбағыс майы, қарақұмық, айран, сүзбе, қырыққабат, сиыр еті, тауық еті, құмшекер, тұз, сары май, пияз, макарон) бойынша жағдай тұрақты.

Түркістан облысының аудан, қала әкімдіктерінің қолдауымен мерекелік және демалыс күндері көшпелі сауда жүргізілуде. Өңірде жасанды азық-түлік тапшылығы байқалмайды, бағалар бақылауда.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу тапсырмасына сәйкес «Айналым схемасы» шеңберінде тауар өндірушілерге жалпы 640 млн. теңге берілді. Сонымен қоса тұрақтандыру қоры есебінде 255,7 млн. теңге қарастырылған. Нәтижесінде «Magnum Cash&Carry» ЖШС, «Али Сауда» ЖШС, «Ғажайып-П» ЖШС, «Сайрам сүт» ЖШС-тері мен сауда орындары тауарларды нарықтағы бағадан 10-15%-ға төмен бағамен сатуда. Бұдан басқа Түркістан қаласында филиалы бар «Magnum cash&Carry» сауда желісімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы монополияға қарсы комплаенс актісі қабылданды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуінің алдын-алу мақсатында ірі сауда орындары мен дүкендер және әмбебап базарлармен биылғы 9 қаңтардағы жағдай бойынша облыс көлемінде 1098 меморандум түзілген.