Түркістанда «Бала дауысы» ұлттық байқауының іріктеу кезеңі өтуде

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында «Бала дауысы» ұлттық байқауының іріктеу кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Жас өнерпаздардың жұлдызын жағатын жобаға облыстың әр түкпірінен 100-ден аса бала қатысып жатыр. Қазылар алқасы 8-12 жас аралығындағы бүлдіршіндерге әртүрлі бағыттағы әндерді айтқызып, дауысы мен вокалдық қабілеттерін сынап көруде.

Іріктеу нәтижесі бойынша жұлдызды тәлімгерлер мен қазылар жас дарындардың арасынан Алматыда өтетін суперфиналға қатысатын кішкентай өнерпазды таңдап алатын болады. «Бала дауысы» ұлттық байқауының 4-маусымында Түркістан облысының намысын қорғайтын өнерпазды жобаның музыкалық продюсері Фарида Ниязова мен танымал әнші Балжан Бидаш анықтайды.

«Мен Түркістан облысынан таңдалған баламен дуэт айтатын боламын. Финалға актерлік шеберлік, би, вокалдық жағынан өзіміз дайындайтын боламыз», - деді тәлімгер Балжан Бидаш.

Бұған дейін 29 наурыз күні «Бала дауысы» жыл сайынғы байқауының кезекті маусымы басталғанын жазған болатынбыз. Бұл - Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының бірегей жобасы.

Биыл байқауы жаңа форматта өтеді. 29 наурыз бен 22 мамыр аралығында шығармашылық топ 8 және 12 жас аралығындағы нағыз таланттарды таңдайды. Ең талантты 17 бала ғана байқаудың Супер-финалына жолдама алады. Еліміздің барлық облыс орталықтары мен Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында бүлдіршіндерді әділ-қазы құрамына кіретін қазақ эстрадасының әйгілі жұлдыздары, танымал продюсерлер мен хореграфтар күтеді.

Күзде еліміздің үздік 17 дауысы «Жұлдызды арман үйінде», Алатау тауларының баурайында орналасқан «Бөбек» ұлттық орталығында бас қосады. Онда кәсіби музыканттар, хореографтар, стилистер балаларды Супер-финалдың телевизиялық түсірілімдеріне дайындайды.

Ақтық сын биылғы 24-26 қазан аралығында Алматы қаласының «Республика сарайында» өтеді.