Әлеуметтік желіде кішкентай бүлдіршін бөлменің ортасында байлаулы отырған видео тарап жатыр. Көріністен әйел адамдардың ұрыс-керісін, «баланы бұлайша қорлауға бола ма?» деген сөздерді естуге болады. Видеоны баланы көруге келген әкесі түсірген.
Белгілі болғандай, ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен соң, бала анасымен қалған. Ал, перзентін көруге келген әкесі бұрынғы әйелі бүлдіршіннің аузын тұмшалап, тіпті қимыл-қозғалысын шектеп тастағанын көреді.
Оқиғаға байланысты бүгін Түркістан облыстық Полиция департаменті ресми ақпарат таратты. Тәртіп сақшыларының сөзінше, бұл жағдай Сарыағаш ауданында болған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.
«Бұл жайт биылғы 8 қаңтарда Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Арызда жергілікті тұрғын азаматтық некеде болған бұрынғы әйелі 2017 жылы туған ұлына қысым көрсеткеніне шағымданған. Сондай-ақ, Сарыағаш АПБ қызметкерлері ҚР ҚК-нің 140-бабы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша іс қозғады. Тергеп-тексеру барысында оқиғаның толық мән-жайы мен кінәлілер анықталатын болады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда», - делінген хабарламада.