Түркістанда Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында Сидней Олимпиадасының чемпионы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жастар арасындағы XVIII турнирдің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев, даңқты бапкер Тұрсынғали Еділов және өзге де азаматтар қатысты.

Бекзаттың ата-анасы Сейілхан аға мен Сырлыкүл апа дара перзент туралы естелік айтып, жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сонымен бірге, Олимпиада чемпиондары - Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев және әлем чемпионы Біржан Жақыпов бастаған азаматтар жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Сонымен, Түркістан төріндегі додаға Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттерінен командалар келді. Олар 11 салмақ санатында жүлделерді сарапқа салады.

Жарыс жеңімпазы атанған спортшыға «Спорт шебері» атағы беріледі.

«Қазіргі таңда Түркістан облысының боксшылары Қазақстанда үздіктер қатарында тұр. Ел біріншілігінде осы өңірдің жігіттері жалпыкомандалық есепте топ жарды. Басты меже - Токио Олимпиадасынан жүлде алу», - делінген баспасөз хабарламасында.