Түркістанда бірнеше спорт нысандарының құрылысы жүріп жатыр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тікелей басшылығымен бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту жолында көптеген жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік маңызы басым бағытты күшейту үшін спорттық инфрақұрылымды дамыту жолында жаңа ғимараттар бой көтерген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спорт саласына үнемі көңіл бөлетін облыс басшысы Түркістан қаласындағы жаңа спорт нысандардың құрылыс алаңдарын аралады. Бүгінде облыс орталығында дүниежүзі бойынша кең тараған спорт түрі - футболды дамыту мақсатында УЕФА-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған стадионның құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, 2 спорт зал мен әлемдік аренаға жауап беретін табиғи футбол алаңы, әкімшілік бөлмелер бар спорт кешені биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жаңа стадионда облыс құрамасының оқу-жаттығу жиындары және облыстық, республикалық және халықаралық жарыстар өтетін болады. Сонымен қатар, бассейні бар спорт кешенінің құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Құрылысы аяқталуға таяған заманауи талаптарға сай спорт кешенінде ұлттық құрама мүшелері мен облыстың жас спортшылары да жаттығатын болады. Жаңарған Түркістанда ондаған спорттық ғимарат ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.