Түркістанда «Достық үйі» салынады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда «Достық үйі» салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Достық үйі облыс орталығында жаңа қала аумағында бой көтермек. Қазіргі таңда нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

«Достық үйінің құрылысы жақында басталады деп жоспарлануда, келесі жылы ел игілігіне беріледі. Жалпы мұндай нысан өңірлердің бәрінде бар. Бұрын бізде Ассамблея жанында Достық үйі болған. Бірақ, ол Шымкент қаласында орналасқан еді. Ол нысан Шымкент қаласының сұрауымен қала әкімдігінің теңгеріміне берілді. Қазір Ассамблея басқармалар үйінде орналасқан» - дейді Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев.

Алғыс айту күніне орай Түркістан өңірінде ауқымды іс-шаралар өтуде. Әр қала, ауданда этномәдени бірлестіктердің қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, еңбек адамдарына құрмет көрсетілді.

«Мереке аясында өңіріміздегі этнос ақсақалдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ұлы тұлғаларымыздың өмір жолын ұлықтап, бабалар рухына Құран бағыштады. Сонымен қатар, «Рахмет саған, туған жер!» тақырыбында этнос жастары арасында сурет салу байқауы өтіп, «Достық» аллеясына 500-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды. Одан бөлек, этнос өкілдері арасында қазақ қаламгерлерінің туындыларын мемлекеттік тілде орындау байқауы, «дөңгелек үстел» мәжілістері мен басқосулар ұйымдастырылды» - деді Аңсар Жаңабайұлы.