Облыс әкімінің сөзінше, еңселі фитнес спорт клубы салынып біткенде жаңадан жаңғырып жатқан Түркістанның сәулеттік келбетіне одан әрі сән береді.
"Елдің еңсесі биік болып, қуатты ел атану үшін салауатты өмір салтын ұстану - баршаға міндет. Себебі, денсаулығы мықты, ойы сергек азаматтар ғана мемлекеттің қуатын еселейді. Ал, денсаулық мықты болсын десек, спортты серік ету қажет. Салауатты өмір салтының бір тетігі - фитнеспен шұғылдану. Бүгін Түркістан қаласында іргетасы қаланғалы отырған «Фитнес Палас» фитнес орталығы қала тұрғындары мен қонақтары үшін ең сүйікті орындардың біріне айналады деп сенемін. Фитнес орталығында ересектерге арналған бассейн, ерлер мен әйелдерге арналған жеке сауналар мен SPA-кешендер, әлемдік деңгейдегі жаттығу құрылғыларымен жабдықталған зал ашылады. Мұнда тәулігіне 4 мың адамға дейін жаттығу жасай алады", - деді Жансейіт Түймебаев.
Аумағы 11 200 шаршы метрді құрайтын заманауи фитнес орталық жеке инвестор «ХЭДУЕЙ Корпорациясы» ЖШС есебінен бой көтереді. 100 бірлік жаттығу құрылғысы бар нысанның 25 метрлік бассейні мен 7 қабатты тазалау жүйесі бар. Бұл жерде айына 500 топтық бағдарламадан тұратын 40 фитнес бағыттары ұйымдастырылады. Спорт орталығында Hammer Strength, HOIST, TECHNOGYM сынды белгілі компаниялардың құрылғылары орнатылған. Айта кетейік, нысан 2019 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған.