Түркістанда халықаралық Қазақстан-Польша бизнес-форумы өтті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда тұңғыш рет «Түркістан: польшалық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық Қазақстан-Польша бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шетелдік делегаттар құрамында экономика, ауыл шаруашылығы, телекоммуникация және машина жасау салаларында қызмет ететін 20-ға жуық кәсіпкер мен компания өкілдері болды.

Делегацияны Польшаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Селим Хазбиевич бастап келді. «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның филиалы «Turkistan Invest» компаниясы ұйымдастырған форум аясында тараптар бірлесіп жүзеге асыратын жобалар, экспорт пен импортқа қатысты мәселелер жайын сөз етті.

«Бұл бизнес-форум екі елдің нарықтағы жағдайын жақсартуға, сонымен қатар, Польша мен Түркістан облысы арасындағы сауда-экономикалық дамудың жаңа жолдарын айқындауға үлкен үлесін қосады. Орталық Азияға жол ашатын Қазақстан Еуропа мен Азия үшін маңызды рөлге ие. Еуропалық Одақ нарығына жетелейтін Польша да сіздер үшін тура сондай маңызды ел болып табылады. Қазақстан мен Польша - инвестициялық байланыс бойынша да жақсы әріптес елдер»,- дейді «Инвестиция және сауда бойынша польшалық агенттік» АҚ шетелдік сауда офисінің басшысы Юлия Городецкая.

«Түркістан» ӘКК» АҚ филиалы «Turkistan Invest» компаниясының мәліметінше, кездесу барысында өңірге ауыл шаруашылығы саласындағы польшалық технологияларды ендіру туралы ұсыныстар айтылған. Шетелдік кәсіпкерлер әсіресе су, сүт және сұйық майды құю бойынша бизнестердің дайын нұсқаларын таныстырды. Қонақтар жергілікті шаруаларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіпқана қоймай, оларды оқыту және үйретуге дайын екендіктерін жеткізді.

«Бізде ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін өнім көлемі өте жоғары. Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша бағдарлама сәтті жүзеге асуда. Сондықтан да біз экспортқа шығаратын өнімдерді ұсына аламыз»,- дейді «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның филиалы «Turkistan Invest» директоры Нариман Ильясов.

Шара барысында сондай-ақ екі елдің кәсіпкерлері В2В форматындағы кездесулер ұйымдастырды. Нәтижесінде тараптар ынтымақтастықты ары қарай дамытуға уағдаласып, оны нығайтуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойды. Форумға қатысушылар бұл басқосудың қос елге де тиімді болатындығына және жемісті нәтижелер беретіндігіне сенім білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы бүгінде 1 млрд АҚШ долларынан астам соманы құрап отыр. Елімізге поляктар фармацевтикалық, косметикалық өнімдер мен қантты тасымалдайды. Ал, Қазақстаннан минералдық өнімдер мен көмір, бидай экспортталады. Елде 200-ден астам польшалық компания қызмет етеді.