Түркістанда Қасым Қайсеновке арналған көрме ашылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің кітапханасында белгілі жазушы, Қазақстанның Халық батыры Қасым Қайсеновтің 100 жылдығына арналған «Қазақтың қайсар ұлы - Қасым батыр» атты кітап көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға Түркістан қаласындағы кітапхана өкілдері, студенттер мен оқушылар және музей қызметкерлері қатысты.

Аталған кітап көрмесінде келушілерге «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қорынан Қасым Қайсеновтің ерлігі туралы материалдар, оның шығармалары, туыстары мен достарының естеліктері және мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары ұсынылды. Сонымен қатар, батыр жайында дайындалған қысқаша бейнеролик қойылды. Жастарға оның  өмір дерегі туралы ақпараттар таныстырылды.   «Қазақтың қайсар ұлы  - Қасым батыр» атты кітап көрмесі бір айға жалғасады деп жоспарланған.

Айта кетейік,  Қасым  Қайсенов  Ұлы Отан соғысына қатысып,  партизандар отрядын басқарған. Украина, Беларусия, Молдавия, Чехославакия және тағы да басқа жерлерді азат етуге қатысқан.   Аты аңызға айналған партизан,  жазушы Қасым Қайсенов Қазақстанда ғана емес, бұрынғы Кеңестер Одағының түкпір - түкпіріне кеңінен танылған. Әскери тақырыпқа арналған кітаптарға деген қызығушылығы айрықша оның шығармашылығы мемуарлар, деректі және көркем проза мен публицистика сынды түрлі жанрларды ұштастырады. ҚР Президентінің 1995 ж. 24 сәуірдегі Жарлығымен жазушы Қасым Қайсеновке «Халық каһарманы» ерекше белгісі тағайындалып, «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені берілген.