Аумағы 38 гектар болатын шағын ауданда 88 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұнда барлығы «Отырар», «Сырдария», «Арман» және «Сауран» атты 4 тұрғын үй кешені салынбақ. Жаңадан бой көтеретін баспаналардың 44-і 2019 жылы пайдалануға берілсе, қалған 44 үй 2020 жылы ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде. Тұрғындар 2724 пәтерге, 196 285 шаршы метр алаңды алатын үйлерге қоныстанатын болады. Бұл құрылыстарды жүргізуге «Оңтүстік құрылыс сервис» мен «Берен», «Шымкент құрылыс» және «NK Building» серіктестіктері қатыстырылмақ.
Құрылыстың басына арнайы келген аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласын дамыту бойынша ірі жобалар қолға алынып жатқанын атап өтті.
«Қадірлі түркістандықтар! Елбасы Жарлығымен облыс орталығы көне Түркістанға ауысқалы үлкен өзгерістерге бет бұрдық. Бүгін «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен жеке инвестиция есебінен бой көтеретін тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына бастаймыз. Мұнда 2-інші және 3-інші класстағы 2724 пәтер бар. Осы баспаналар «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Бірер жылда облыс орталығы жаңа келбетке енеді. Құрылыс жұмыстарына отандық өнімдер қолданылады. Тұрғын үйдің сапалы болатынына сенімдімін. Іске сәт!», - деді Жансейіт Түймебаев.
Айта кетейік, шаһардағы «Отырар» шағын ауданынан бой көтеретін нысандар «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асыру және 7-20-25 бағдарламасы аясында инвестициялау жобасы жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болып отыр. Аталған жұмыстарды «Түркістан» әлеуметтік - кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы және Түркістан облысы мен Түркістан қаласы әкімдігінің бірлесіп қолға алған.