Спектакльде Алаштың арысы, ақиқаттың алдаспанына айналған Мағжан Жұмабаевтың жастық шағынан бастап өмірінің соңғы кезеңіне дейінгі өмір жолы көрсетіледі. Қазақ жастарына зор сенім артқан дарынды ақынның абақтыдағы азапты ғұмыры мен жұбайы Зылихаға деген адал махаббаты суреттелді. Қойылымда Мағжан Жұмабаевтың рөлін Ғалымжан Жақыпов сомдаса, Зылиха Жұмабаеваны Кәмшат Аштекова ойнады. Қойылымның режиссері - Айдар Наурызбаев.
Алғашқы қойылымға Түркістан облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек пен зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты. Сондай-ақ, жергілікті жастар шақырылып, ұлт зиялыларының жарқын болашақты көксеген қарбалас тарихы мен тәлкекке толы тағдыры туралы тебірене тамашалады.
«Қойылымның соңына дейін Мағжан Жұмабаевпен бірге өмір сүргендей әсерге бөлендім. Көзімнен жас кетпеді. Қазақтың еңсесін тік көтерер қаншама асыл азаматтарымыз жазықсыз құрбан болып, жапа шеккеніне өкінесің. Әйелдердің мықтылығына сүйсінесің. Абақтыда жатқан Мағжанға күн-түнге қарамай әрең жеткен жары Зылиханың сонда да қиындыққа мойымай «Қамыс ішінде батпағына аунап жетсем де жарыма деген адал махаббат сол жолды жұмаққа келе жатқандай күйге бөлейді» деп айтқан сөздерінің өзінде тұнып жатқан даналық пен тектілік жатыр. Кітаптан мақұрым болып бара жатқан бүгінгі қоғамның жастары осындай қойылымдардан үлгі алуы керек», - дейді ҚР Мәдениет қайраткері, зейнет жасындағы мәдениет майталманы Ұлжалғас Әбенқызы.
Сахналық шығармада сонымен қатар, ақынның өмірі мен елдің тағдыры, ұлт зиялыларының бастан кешкендері мен бір-біріне деген қолдауы көрсетілген. Ер мен әйел арасындағы адал махаббат баян етілген қойылымда басты кейіпкер жарының өлеңін соңғы рет қайталай отырып, шындық пен сағынышты көкірегінде қаттаған Зылиха ананың өлім құшағына енуімен аяқталды.