Түркістанда мектеп салуға арналған бюджеттік өтінімді қолдау қажет - депутат

None

 

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркістан қаласының мектеп құрылысына арналған бюджеттік өтінімін толық қолдау қажет. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысының Парламенттің 4-сессиясында қойған міндеттерін талқылауға арналған Парламенттегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жиналысында депутат Нұртай Сабильянов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қайта құрылған әкімшілік аумақтық бірліктер Түркістан  облысы мен облыс орталығы Түркістан қаласы және республикалық маңызы бар Шымкент қаласына келетін болсақ, біз қазір үш жылға арналған республикалық бюджетті жұмысқа алдық. Оны талқылау кезінде біз Түркістан облысына, Түрікстан мен Шымкент қалаларына байланысты сумен жабдықтау, су бұру жобаларын, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар, соның ішінде мектептер салуға берілген өтінімдерді басымдық негізде қолдауымыз керек», - деді дептутат.

Оның айтуынша, үш жылдық бюджетте Түркістан мен Шымкент қалаларында оқушылар орнының тапшылығы көрсетілген.

«Түркістан қаласы бойынша 12 мың орын тапшы. Ал олар қазір бес мектеп  салуды ұсынып отыр. Сондықтан Түркістан қаласы бойынша салынатын мектептерге берілген өтінімдерді толықтай қанағаттандыруымыз қажет. Шымкен қаласында да жағдай осы. Ең үлкен мәселе - өңірлерде мектеп салу. Сонынмен қатар Түркістан қаласы бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы жасалатын болса, онда ең бірінші сумен қамтамасыз етуді, су бұруды  және инфрақұрылымын дамытуды  жүзеге асыру керек деп ойлаймын», - деді Нұртай Сабильянов.

Өз кезегінде Парламенттегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева үш жылдық бюджетте мектептер салуға және оларды сейсмикалық тұрақтандыруға не бәрі 15 млрд теңге бөлініп отырғанын айтты.

«Бұл өте аз. Бір Түркістан қаласының өзінде 12 мың оқушы орны тапшы. Демек бір мың орындық 12 мектеп салынатын болса кем дегенде 12 млрд теңге тек Түркістанның өзіне кетеді. Шымкент қаласы, басқа өңірлерде де орын жетіспеушілігі бар. Сондықтан мектеп салуға қаражат бөлу мәселесін қолдау керек, көтеру керек», - деді фракция жетекшісі.

Фото: otyrar.kz