Түркістанда мемлекеттен субсидия «алып беретін» алаяқ ұсталды

САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Сарыағаш ауданында субсидия алып беруге уәде еткен күдікті 30-ға жуық тұрғынды алдап соққан. Қазірдің өзінде жәбірленушілерге келтірілген шығын 2,5 миллион теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті тұрғын аудандық полицияға арызданған. Оның айтуынша, күдікті жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз 1 миллион ақша алып беретініне сендіріп, 100 мың теңгелерін алған. Бұдан бөлек, аудандық полиция бөліміне бірнеше тұрғыннан осыған ұқсас арыздар түскен. Күдікті оларға да 750 мың теңге көлемінде субсидия алып беретінін айтып, 80 мың теңгеден жинап алған.

Аталған қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке-басын анықтаған. Ол өз үйінен ұсталды.

Қазірдің өзінде осы қылмыстық іс бойынша 30-ға жуық жәбірленуші аталмыш азаматтың атына арыз түсірген. Дегенмен тергеушілер күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде. Күдікті қамауға алынып, «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.