Қазақстанның тарихи және мәдени туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту және туризмді дамытудағы ілкімді қадамдарға қажетті біліктілікті шыңдау бағытында қолға алынған басқосуды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов ашып беріп, дәріс жүргізуші мамандарды таныстырды. Сондай-ақ, туристермен жұмыс жасауда заман ағымына сәйкес біліктілік пен тәжірибені шыңдай отырып, шетелдік методиканы да меңгеру, жан-жақтылықты қалыптастыру - музей үшін ең басты міндет екенін айтқан қорық-музей басшысы семинар қатысушыларына сәттілік тіледі.
Жаһандану заманында қорық-музей қызметкерлерінің жоғары деңгейдегі қызмет тиімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған дәріске Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы», «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы», «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы», «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы» және «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығынан 30 экскурсия жүргізушілері қатысуда.
Бес күнге арналған курста қорық-музейлерге қарасты тарих және мәдениет ескерткіштері мен музей залдарының экспозицияларын жұртшылыққа ұсыну, таныстыруды тартымды және сапалы жүргізу, жан-жақты біліктілік, кәсіби этика сынды тақырыптар терең түсіндіріліп, пікір алмасу және шеберлік дәрістері өтеді. Сондай-ақ, ішкі және сыртқы туризм саласын дамытудағы экскурциялық қызмет көрсетудің маңызы мен заманауи әдістемелері де курстың басты тақырыбы ретінде қарастырылған.
Айта кетсек, 27-31 тамыз аралығында Түркістан қаласында өтетін біліктілік курсында «Арман-тур» халықаралық туристік агенттігінің, аудармашылар және гидтер мектебінің директоры, Жібек жолының ресми экскурсоводы, ұлттық жаттықтырушы - Абжанова Салтанат Агзамқызы, Бейбітшілік және Келісім Сарайының экскурсия бөлімінің басшысы, тәжірибелі экскурсовод Мұқышбаева Ардақ Кеңесқалиқызы дәріс жүргізеді.