Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына жұмыс сапырымен келген кезде мемлекеттік органдар мен ұлттық компания басшылары Түркістан облысын көркейту мақсатында әрбір ғимаратты салуға көмектесулері қажет екендігін айтқан болатын. Осы ретте, Солтүстік Қазақстан облысы облыс орталығынан заманауи үлгідегі спорт кешенін салып, ел игілігіне берді. Бүгін түркістандық спортшыларды қуантқан жиынға арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі жаңа ғимараттың тұсаукесер лентасын қиды.
Жалпы аумағы 3,75 гектар жерді алып жатқан халықаралық талаптарға сай бой түзеген бұл спорт кешенінде бір мезетте 220-ға жуық спортшы жаттыға алады.
Түркістан облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев мұндай кешендердің көптеп ашылуы Токио олимпиадасында спортшыларымызды жақсы нәтижелерге жетелейтінін айтты.
Ал, олимпиада резервін даярлау орталығының директоры Нұрлан Айтбеков бұл кешен әлі талай спортшыны жеңіске бастайтынын атап өтті.
Жалпы, орталықта 148 спортшы кәсіби тұрғыда шұғылданады. Оның ішінде 5 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 22 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері, 121 спортшы спорт шеберлігіне үміткер.
Кешеннің ашылуына орай волейболдан облыс чемпионаты ұйымдастырылды. Шаршы алаңда Түркістан облысының «Жауқазындар» командасы мен Шардара ауданының «Шардара шағалалары» волейбол командалары кездесіп, 2:1 ұпаймен шардаралықтар жеңіске жетті.