Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтуде

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бес елдің Парламент Палаталарының делегациялары парламентаралық қатынастарды кеңейтудің басым бағыттары мен біртұтас рухани-мәдени кеңістікті дамытудың өзекті мәселелерін талқылауда.

Қазір Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан парламентшілері екі жақты кездесулер өткізіп, әр түрлі саладағы бірнеше маңызды мәселе талқылауда. Атап айтқанда көптен бері еліміздің оңтүстігіндегі 3 млн-нан астам халықты мазалап келген шекаралық су мәселесі көтеріледі. Бұған дейін трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, экологиялық және энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету сияқты аймақтағы өзекті мәселелер осы форум аясында сөз болмақ.

Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықтың артуы - Қазақстан үшін өңіраралық қарым-қатынастардың дамуына оң ықпалын тигізбек. Жалпы бүгінгі форум – Орталық Азия өңірін дамытудың стратегиялық бағыттарын парламентарийлер арасында талқылауға арналған тұрақты алаң саналып отыр. Өңірлік қауіпсіздік мәселелері, бірлескен инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларды іске асыру, өңірдің транзиттік-көліктік әлеуетін іске асыру, Орталық Азия елдері тартылған тауарларды жеткізудің баламалы маршруттарын құру мәселелерінің оң шешімін табуына ықпал етпек.


Фото: ҚР Сенатының баспасөз қызметі