ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Түркістан – түркі елдерінің рухани астанасы» аталуына орай «Turkistan International Marathon» халықаралық марафоны ұйымдастырылды,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іс-шараның салтанатты ашылуына қатысқан Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков дамушы мемлекетте салауатты өмір салтын қалыптастыру, дені сау ұрпақ өсіру міндеті қай кезде де басымдыққа ие екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Марафоншылар 3, 10, 21, 42 шақырым қашықтықтарда жүгірді. Керуен Сарай кешені алдынан бастау алып Б.Саттарханов даңғылының бойымен Шымкент бағытына қарай Ж.Майкотов көшесіне дейінгі аралықты қамтыды.
Шараға 19 мемлекеттен 5000-ға жуық спортшы қатысты. Оның 3000 спортшысы онлайн жүйеде өз мемлекеттерінде жүгіріп, марафонға үлес қосты.
Жүлдегерлер ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Қайрат Зайнишев
Шымкенттегі М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ түлегі. Еңбек жолын «Ақиқат-Истина» газетінде тілші болып бастады. Кейіннен «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен «Ernur.kz» сайтында тілші, «Кентау шұғыласы» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. Республикалық «Экспресс К» сайтының Түркістан облысындағы тілшісі болды. 2021 жылдан бастап «Kazinform» агенттігінің Түркістан облысындағы тілшісі қызметін атқаруда.